164-1-бап. Жер учаскесiн бөгденiң заңсыз иеленуiнен
  қайтаруды талап ету

  1. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы жер учаскесiн бөгденiң заңсыз иеленуiнен қайтаруды талап етуге құқылы.

  2. Мемлекет меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер құрамынан өз бетiнше иеленiп алынған жер учаскесiн қайтаруды талап етудi жер учаскесi орналасқан жер бойынша жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
  Заңсыз иеленушi өз бетiнше иеленiп алған жер учаскесiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкiмшiлiк жазалар қолданылған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде босатуға және өз бетiнше иеленiп алған
жер учаскесiнде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзi немесе өз есебiнен бұзуды жүзеге асыруға мiндеттi.
  Заңсыз иеленушiнiң өз бетiнше иеленiп алған жер учаскесiн босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөнiндегi мiндеттердi орындамауына байланысты даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
  Өз бетiнше салынған құрылыс коммуналдық меншiкке берiлген жағдайда құрылысты жүзеге асырған тұлғаға сот айқындаған мөлшерде құрылысқа жұмсалған шығыстар өтеледi.
  Жер учаскесiн заңсыз иеленушiнiң жеке басын (деректерiн) анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу фактiсi анықталған күннен бастап бiр ай өтiсiмен жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқықтардың жоқтығы
туралы мәлiметтер расталғаннан кейiн және сот шешiмi бойынша мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзуды жүзеге асырады.
  Ескерту. 164-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

  165-бап. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға
  келтiрiлген шығынды өтеудiң негiздерi

  Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығын:

  1) жер учаскелерi мемлекет мұқтажы үшiн меншiк немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатындай етiп мәжбүрлеп иелiктен шығарылған;

  2) жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқығы шектелген;

  3) меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтары бұзылған;

  4) топырақ құнарлылығының бүлiнуiне әкеп соғатын, су режимiн нашарлататын, ауыл шаруашылығы дақылдары мен екпелерiне зиянды заттар бөлiп шығаратын объектiлердi салу мен пайдалану нәтижесiнде жер сапасы нашарлаған;

  5) осы Кодекстiң 91-бабында көзделген жердi алып қою жағдайларында толық көлемiнде өтелуге тиiс.
  Ескерту. 165-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  166-бап. Шығынды өтеу тәртiбi

  1. Меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығын оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi.
  Мемлекеттiк билiк органының, өзге мемлекеттiк органның заңдарға сәйкес емес акт шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгi) салдарынан меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығынды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк өтеуге тиiс.

  2. Өтемақы мөлшерiн айқындау кезiнде оған:

  1) жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны;

  2) жемiс ағаштары мен көпжылдық екпелердi қоса алғанда, учаскедегi жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны;

  3) жер учаскесiн игеруге, оны пайдалануға, қорғау iс-шараларын жүргiзуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың инфляциясы есепке алынған құны;

  4) меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға үшiншi тұлғалар алдындағы өз мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуына байланысты келтiрiлген шығынды қоса алғанда, олардан жер учаскесiн алып қоюмен байланысты келтiрiлген, меншiк немесе жер пайдалану құқығын тоқтату кезiндегi барлық шығын;

  5) алынбай қалған пайда енгiзiледi.

  3. Жер учаскесiн алып қою кезiнде меншiк иелерiне нeмece жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығынды, сондай-ақ олардың өтемақы мөлшерiн айқындау тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

  4. Жер учаскелерiн алып қою немесе оларға уақытша орналасу нәтижесiнде суару, құрғату, табиғат қорғау, эрозияға және селге қарсы объектiлер мен құрылыстардың (жүйелердiң) жұмысы жартылай немесе толығымен бұзылатын жағдайда шығындар, жобалау-зерттеу жұмыстарының құнын қоса алғанда, объектiлер мен ғимараттарды (жүйелердi) жаңадан салу немесе жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жаңғырту үшiн жасалатын жұмыстың құнына негiзделiп айқындалуы мүмкiн.

  5. Жердi пайдалану кезiндегi қолайсыздықтардан (су қоймаларын толтыру кезiнде аралдардың пайда болуы, көлiк байланыстарының бұзылуы, аумақты коммуникациялармен бөлiп тастау және басқалары) туындаған шығындар (шығыстар) жобалау-зерттеу жұмыстарына, бөгеттер, көпiрлер, жолдар, кiрме жолдар, басқа да құрылыстар салуға, су қоймаларының түбiн тазартуға, сондай-ақ қайықтар, катерлер, паромдар мен өзге де көлiк құралдарын сатып алуға кеткен бiржолғы шығыстардың сомасымен айқындалуы мүмкiн.

  6. Жердiң нашарлаған сапасын қалпына келтiру үшiн қажеттi шығындарды (шығыстарды) айқындау кезiнде топырақты зерттеу, агрохимиялық және басқа арнайы тексерулер мен зерттеулердi, сондай-ақ жердiң сапасын қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүргiзуге шыққан шығыстар енгiзiлуi мүмкiн.

  7. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатын шешiммен келiспеген жағдайда, дау сот тәртiбiмен шешiлгенге дейiн ол шешiмдi жүзеге асыру мүмкiн болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
  Ескерту. 166-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  167-бап. Жер даулары

  Жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.

  168-бап. Қазақстан Республикасының жер заңнамасын
  бұзғаны үшiн жауаптылық

  Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
  Ескерту. 168-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

21-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

  169-бап. Осы Кодекстiң қолданылу тәртiбi

  Осы Кодекс ол қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн туындаған жер құқығы қатынастарына қолданылады.
  Осы Кoдекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.

  170-бап. Өтпелi ережелер

  1. Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерi уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға құқығы бар.

  2. Өздерiне жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiн шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарын бұзуға мiндеттi.
  Бұл ретте, аталған тұлғалардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу жөнiндегi қызметпен дербес айналысуына не жер пайдалану құқығын салым немесе жарна ретiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық қорына беруге құқығы бар.
  Жалға берушiлердiң аталған құқықтары iске асырылмаған жағдайда, кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарды бұзу және жер пайдаланушылар (жалға берушiлер) құқықтарының тоқтатылуы республикалық маңызы бар қаланың (астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкiлеттi органдарының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады, ал кейiнгi жер пайдалануға берiлген жер учаскелерi алып қойылады және ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.

  3. Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес  шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады.
  Аталған тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын iске асыруы осы Кодекстiң 24-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

  4. Өздерiне тиесiлi құқықты бұған дейiн жалға берген шартты жер үлесiне құқық иелерi 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн бұл құқығын осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда төменде көрсетiлген iс-әрекеттiң бiрiн жасау арқылы iске асыруға мiндеттi:

  1) жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алу;

  2) жеке шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дербес жүргiзу үшiн жер учаскесiн уақытша ортақ немесе бөлек жер пайдалануға алу;

  3) шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде акционерлiк қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру.
  Бұл ретте жер учаскесiн шартты жер үлестерiнiң есебiне бөлiп беру (түзу) жерге орналастыру тәртiбiмен жүзеге асырылады.
  Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған сәттен бастап бұрынғы шарттар (шартты жер үлесiне құқығын жалға беру шарты және жер учаскесiн жалға алынған үлестер есебiне жалдау шарты (өтеусiз жер пайдалану) күшiн жояды.

  5. Өздерiне тиесiлi құқықтарды шаруашылық серiктестiктерiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген шартты жер үлесiнiң иелерi шаруа немесе фермер қожалығын құру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде, үлестi немесе пайды, жер учаскесiн қоса, нақтылы бөлiп алуға (бөлiсуге) құқығы бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепiлде жатқан жерлерiнiң құрамынан жер учаскесiн бөлiп шығаруға кепiл ұстаушының келiсiмiне немесе бөлiп шығару кезiнде жер учаскесiне қатысты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерге сәйкес жол берiледi.
  Ауыл шаруашылығының егiс жұмыстары жүргiзiлiп жатқан кезеңде жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығаруға, мұндай бөлiп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келiсiмiмен жүргiзiлетiн жағдайды қоспағанда, жол
берiлмейдi.
  Бұл ретте нақтылы бөлiнетiн жер учаскесiнiң орналасқан жерi шаруашылық серiктестiктерiнiң, өндiрiстiк кооперативтердiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен немесе тараптардың келiсiмiмен айқындалады. Құрылтай құжаттарында жер учаскелерiн бөлiп алу (бөлiсу) тәртiбi болмаған жағдайда, осы Кодекстiң 101-бабының 3
және 4-тармақтарында белгiленген ережелер қолданылуы мүмкiн.

  6. Егер өзiне тиесiлi құқықты жалға берген шартты жер үлесi құқығының иесi осы баптың 4-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде жер учаскесiн алу құқығын iске асырмаса, оның шартты жер үлесiне құқығы күшiн жояды және жер учаскесi аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiмен, сатылмаған шартты жер үлестерi есебiне ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.

  7. Шартты жер үлесi құқығымен байланысты барлық даулар сот тәртiбiмен қаралады.

  8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының күзетiлетiн аймағына iргелес жатқан (3 шақырымдық аймақ) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, олар делимитацияланғанға және демаркацияланғанға дейiн, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана уақытша жер пайдалану құқығымен берiледi.

  9. Азаматтар мен заңды тұлғаларға осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн бұрын қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқықты белгiлейтiн және сәйкестендiру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
  Мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға осы Кодекске сәйкес ауыстыру құқық иелерiнiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
  Ескерту. 170-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 279 , 2007.07.26 N 311 Заңдарымен.

  Қазақстан Республикасының
  Президентi

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28