122-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiне мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң, мемлекеттiк зоологиялық парктердiң, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық парктер мен мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң жерi жатады.
Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынбай, басқа санаттардағы жерлер құрамында бөлiнедi және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу кезiнде ескерiледi.
Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың аумағы шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметтi шектеу меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiне ауыртпалық болып енгiзiледi және бұл жерге орналастыру құжаттамасында ескерiледi.
2. Epeкшe қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мемлекет меншiгiнде болады және иелiктен шығаруға жатпайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн өзге қажеттерге алып қоюға жол берiлмейдi.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары аталған мақсаттар үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасындағы елдi мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, шаруашылық қызметтiң шектеулi режимi белгiленген учаскелердi ғана және ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде, мемлекеттiк бағдарламаларда көзделген туризм объектiлерiнiң құрылысына және жұмыс iстеуiне арналған босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн ауыстыруға жол берiлмейдi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлiк тұрақтарымен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
Ескерту. 122-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.07.07 N 176 , 2008.12.01 N 94-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет
аймақтарының жерлерi
1. Ерекше күзетудi және қолайсыз сыртқы әсерден қорғауды қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, осы аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесiне және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне қолайсыз әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынатын және (немесе) шектеу қойылатын күзет аймақтары белгiленедi.
2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттар мен мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң күзет аймағы аумағында табиғат пайдалану мөлшерi, шекарасы, режим түрлерi және тәртiбi оларды құру жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелермен айқындалады, осы Кодексте және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен облыстардың (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдарының шешiмдерiмен белгiленедi.
Бұл ретте меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық межелер бойынша белгiленетiн және сол жерлерде арнаулы белгiлерiмен белгiленетiн күзет аймағының енi екi километрден кем болмауға тиiс.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары шегiндегi жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимi сақтала отырып пайдаланылады.
Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару осы Кодексте және «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шарттар мен тәртiпке сәйкес жүргiзiледi.
Ескерту. 123-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 176 , өзгерту енгiзiлдi - 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
санатына жатқызу және оны резервте қалдыру
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер
1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.
3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегiндегi жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте көрсетiлген учаскелер осы Кодексте және «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртiппен мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылады.
Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
Ескерту. 125-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер
1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.
3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртiбi мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келiсiм бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.
127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер
1. Тарихи-мәдени мұра объектiлерi, оның iшiнде тарих және мәдениет ескерткiштерi орналасқан жер учаскелерi тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
Аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи-мәдени мұра объектiлерiн анықтау жөнiнде зерттеу жұмыстары жүргiзiлуге тиiс.
Тарихи, ғылыми, көркемдiк және өзге де мәдени құндылығы бар объектiлер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрi жұмыс жүргiзудi тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
Тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң сақталып тұруына қатер төндiруi мүмкiн жұмыстардың барлық түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерге жатқызылған жер учаскелерi оның меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгiленедi.
Тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын тиiстi жергiлiктi атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары (мәслихаттар) бекiтедi.
Аталған аймақтарды айқындаудың тәртiбi мен олардағы жердi пайдалану режимiн тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Қорғалатын аймақтардың, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегiнде тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негiздерде және тәртiппен әкiмшiлiк ықпал ету шараларын қолдануы мүмкiн.
Ескерту. 127-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.21 N 307 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
14-тарау. Орман қорының жерi
128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы
1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi мемлекеттiк және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.
3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттiк орман қорының жерiне жатады.
4. Жекеше орман қоры жерiне осы Кодекске сәйкес орман өсiру үшiн нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен отырғызылған қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорман-мелиорациялық екпелер өсiп тұрған жер жатады.
Ескерту. 128-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.07.07 N 176 Заңымен.
129-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылығы
мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру
Орман қоры жерiндегi орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына
ауыстырудағы шектеулер
Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады. P080469 , P080442 , P080330 , P080253 , P080734 , P080819 , P080820 , P080983
131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу
1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудiң нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 131-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
15-тарау. Су қорының жерi
132-бап. Су қорының жерi ұғымы және оның құрамы
Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiнде орналасқан, ағысты реттейтiн су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ көрсетiлген су объектiлерiнiң су күзет белдеулерiне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
Ескерту. 132-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 180-IV Заңымен.
133-бап. Су қорының жерiне меншiк құқығы
1. Су қорының жерi мемлекет меншiгiнде болады.
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (cуapу және кәрiз жүйелерi) алып жатқан су қоры жерiнiң құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар мемлекет меншiгiнен иелiктен шығарылған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк eмec заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану құқығымен берiледi.
Ескерту. 133-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.01.09 N 213 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары
мен белдеулерiне жер бөлiп шығару
1. Жергiлiктi атқарушы органдар өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 134-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 180-IV Заңымен.
135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру
Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органымен келiсiм бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi, жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiн орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
Ескерту. 135-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.04 N 166-IV Заңымен.
136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртiбi
Су қорының жерiн пайдалану осы Кодекстe және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
136-1-бап. Су қорының жерлерiн басқа санаттағы жерлерге
ауыстыру тәртiбi
1. Су қорының жерлерiн басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектiсiнiң мөлшерi табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлерi мемлекет мұқтажы үшiн алып қойылған жағдайларда жүргiзiледi.
2. Су қорының жерлерiн басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешiмдi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы қабылдайды.
Су қорының жерлерiн басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерiн басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешiм облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы жергiлiктi өкiлдi орган депутаттарының, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және сақтау саласындағы уәкiлеттi органдардың аумақтық бөлiмшелерi, жер ресурстары басқармасы өкiлдерiнiң арасынан құрылатын арнаулы комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады.
Ескерту. 136-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.10 N 180-IV Заңымен.
16-тарау. Босалқы жер
137-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.
138-бап. Босалқы жердi беру
Босалқы жер ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң мұқтажы және өзге де мақсаттар үшiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi. Босалқы жердi басқа санаттарға ауыстыру оны меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде жүргiзiледi.
Ескерту. 138-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.
4-бөлiм. Жердi қорғау, мемлекеттiк бақылау, жерге
орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жердi қорғау
139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғау мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгiзу болып табылады.
140-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 |



