5. Егер осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi жеке меншiкте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берiлмейдi.
    Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.04 N 166 Заңымен.

  27-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығын iске асыру

  Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi:

  1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;

  1-1) ұлттық компания мәртебесi бар әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялардың жарғылық капиталының (меншiгiнiң) төлемiне берiлуi;

  2) тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;

  3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкiн.
  Ескерту. 27-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

4-тарау. Жер пайдалану құқығы

  28-бап. Жер пайдалану құқығының режимi

  Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Осы Кодекске немесе заттық құқықтың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, жер пайдалану құқығына меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.

  29-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi

  1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулi немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.

  2. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.

  30-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi

  Жер пайдаланушылар:

  1) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес;

  2) ұлттық және шетелдiк;

  3) жеке және заңды тұлғалар;

  4) тұрақты және уақытша;

  5) бастапқы және кейiнгi болып бөлiнедi.

  31-бап. Жер пайдалану құқығының туындауы

  1. Жep пайдалану құқығы:

  1) жер пайдалану құқығын табыстау;

  2) жер пайдалану құқығын беру;

  3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы туындайды.

  2. Жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып жүзеге асырылуға тиiс.

  3. Жер пайдалану құқығы:

  1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң

  2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;

  3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

  32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау

  1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.

  2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының шешiмi негiзiнде, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкiмшiлiгiнiң шешiмi негiзiнде жер учаскесiне құқық табыстау жөнiндегi құзыретке сәйкес жүргiзiледi.

  3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк емес жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиiстi шешiмi негiзiнде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
  Арнайы экономикалық аймақ әкiмшiлiгi арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына, сондай-ақ жеке тұлғаларға, дара кәсiпкерлерге және қызметiн арнайы экономикалық аймақта тiркелген
тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместерге жер пайдалану құқығын табыстаған кезде жер пайдаланушымен жердi уақытша пайдалану құқығын табыстау туралы шешiм негiзiнде жер учаскесiн жалға беру шарты жасалады. 

  4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе келiсiмшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын табыстау жер қойнауын пайдалануға тиiстi лицензия алынған немесе келiсiмшарт жасалған соң жүргiзiледi.
  Осы ереже Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамалық актiсiне сәйкес үлескерлердiң ақшасын тарту есебiнен тұрғын үйлер (тұрғын жайлар) құрылысын ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруы үшiн жобалау компаниясына жер учаскесiне құқығын беру жағдайларына қолданылмайды.
  Жер қойнауын пайдалануға келiсiмшарттың болуы жер учаскесiн кiдiрiссiз ресiмдеу үшiн негiз болып табылады.
  Ескерту. 32-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 275, 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV, 2009.07.11 N 183-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

  33-бап. Жер пайдалану құқығын беру

  1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретiнiн бiлдiредi.
  Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
  Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
  Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргiзiледi.
  Жер пайдалану (жалдау) құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады.
  Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алу:

  1) кепiлге, сондай-ақ шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлiк қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру кезiнде;

  2) орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иелiктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне
талап етiлмейдi.
  Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.

  2. Жер пайдаланушылардың:

  1) ортақ пайдаланудағы;

  2) қорғаныс қажеттерiне берiлген;

  3) орман қорының

  4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;

  5) қызметтiк жер телiмiнiң

  6) уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң

  7) кепiлге, сондай-ақ шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық қорына салым ретiнде, акционерлiк қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде берудi қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы
өндiрiсiн жүргiзу үшiн, уақытша жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң

  8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.

  2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген шектеулер жер пайдаланушылардың орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иелiктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар)
орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне жер пайдалану құқығына қатысты жасасатын мәмiлелерiне, соның iшiнде кепiлге салуға қолданылмайды.

  3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында көзделген нормалардың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
  Ескерту. 33-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы

  1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға:

  1) кондоминиум объектiлерiндегi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;

  2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндiрiсiн жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжiрибе және оқу мақсаттарына;

  3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;

  4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.

  2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдiк жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
  Ескерту. 34-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

  35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы

  1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.

  2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
  Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзiмдi (5 жылға дейiн) және ұзақ мерзiмдi (5 жылдан 49 жылға дейiн) болуы мүмкiн.

  3. Уақытша жер пайдалану құқығын табыстау мерзiмдерi жер учаскесiне берiлетiн құқықты, оның нысаналы мақсатын және аумақты аймақтарға бөлудi ескере отырып белгiленедi.

  4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртiбi оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
   Ескерту. 35-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  36-бап. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы

  1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен:
  шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн;
  тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
  мемлекеттiк жер пайдаланушыларға;
  бақша өcipу үшiн;
  қызметтiк жер телiмi түрiнде;
  ортақ пайдаланылатын жолдарды салу, мемлекеттiк меншiктегi және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер құрылысы кезеңiне;
  тозған және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру кезiнде;
  концессия шартының қолданылу мерзiмiне;
  Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды уақытша өтеусiз пайдалануға берген кезде;
  ғибадат объектiлерi үшiн;
  осы Кoдексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн.

  2. Уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi түрiнде және тозған әрi бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн берiлетiн жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ концессиялық жобаларды iске асыру үшiн жер учаскелерiн беру жағдайларында бес жылдан аспауға тиiс.
  Үйлер (үй-жайлар) мен ғимараттарға берiлген жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды, соның iшiнде ғибадат құрылыстарын уақытша өтеусiз пайдалану мерзiмiмен айқындалады.

  3. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерiн иелiктен шығаруға, соның iшiнде оларды кейiнгi жер пайдалануға бepугe жол берiлмейдi.
  Ескерту. 36-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

  37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы

  1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.

  2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетiлмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

  3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
  Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.

  4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады.

  5. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы:
  1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн:
  Қазақстан Республикасының азаматтарына – 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге;
  оралмандарға – 10 жылға дейiнгi мерзiмге;
  2) тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсi үшiн:
  Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларына – 49 жылға дейiнгi мерзiмге;
  шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
  Ескерту. 37-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  38-бап. Кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы

  1. Бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, ал өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органына хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беретiн жағдайларда, кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде кейiнгi жер пайдалану туындайды.
  Кейiнгi жер пайдаланушы әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады, өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беруге құқығы болмайды.

  2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар жер пайдаланушының мемлекет алдындағы мiндеттерiн толық көлемiнде атқарады.

  3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе уақытша өтeуciз пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.

  4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шартта белгiленген шарттарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Кодекстiң 64 және 65-баптары) iске асырады.

  5. Осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен берудi қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
  Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  39-бап. Мемлекеттiк жер пайдаланушылардың құқықтық
  жағдайының ерекшелiктерi

  1. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенiң нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғыдағы мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.

  2. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге беруге құқылы емес.
  Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жердi қоспағанда, жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға не кепiлге беруге байланысты жер пайдалану құқығын иелiктен шығару не оны кепiлге беру жағдайларына қолданылмайды.

  3. Мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 78-бабының 3-тармағы), мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.

  4. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Кодекстiң 52-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, олармен бiрге аталған мүлiк орналасқан және оны белгiленген нормаларға сәйкес пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
  Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермей тұрып, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.

  5. Жер учаскесi қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалануға беруiне жол берiлмейдi.
  Ескерту. 39-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.07.07 N 176 Заңымен.

  40-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық
  мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы

  1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.

  2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28