45-бап. Құрылысқа байланысты емес жер учаскелерiн беру

  1. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiнiң меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуiне мүдделi тұлғаның өтiнiшi негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органы (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып), сұралған жер учаскесiнiң жерге орналастыру және қала құрылысы регламенттерiне сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылу мүмкiндiгiн анықтайды. Жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгi туралы ұсыныстар осы Кодекстiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес қарау және қорытынды әзiрлеу үшiн комиссияға берiледi.

  2. Комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi шешiмiнiң жобасы дайындалады.
  Ескерту. 45-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06. N 279 Заңдарымен.

  46-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру

  1. Оралмандарға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

  2. Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

  3. Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.

  4. Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды.
  Ескерту. 46-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  47-бап. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне
  құқықтар алу

  1. Жер учаскелерiн алуға құқығы бар азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiн жеке меншiкке беру өтеулi негiзде жүзеге асырылады.
  Жер учаскелерiн азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беру осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тегiн жүзеге асырылуы мүмкiн.

  2. Жер учаскесiн сатып алуға мүдделi тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiне өтiнiм бередi, ол өтiнiм жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына қарай осы Кодекстiң 43-45-баптарында белгiленген тәртiппен қаралады.

  3. Жеке немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға бұрын өзiне жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға ниет бiлдiрген жағдайда, осы тұлға облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiне өтiнiш бередi.
  Өтiнiшке:
  жер учаскесiне сәйкестендiру құжаты немесе құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
  салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi;
  бюджеттiң алдында берешегi бар немесе жоқ екендiгi (жер салығы және (немесе) жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы) туралы салық органының анықтамасы;
  жер учаскесiмен мәмiле жасасуға кедергi келтiретiн ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы жылжымайтын мүлiк орталығынан анықтама;
  заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiледi.
  Жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органы жер учаскесiн кадастрлық құжаттама бойынша сәйкестендiредi, жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын бекiтедi және жер учаскесiне жеке меншiк құқығын беру туралы шешiмнiң жобасын дайындайды.
  Жер учаскесiн меншiкке беру туралы шешiм жер пайдаланушы жергiлiктi атқарушы органға жазбаша нысанда өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылдануға тиiс.
  Жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органы сатып алушымен жер учаскесiн сатып алу-сату шартын жасасады және оған қол қояды.

  4. Жер учаскесiн алған сатып алушы шартта белгiленген мерзiмде төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамаған жағдайда, сатушы берiлген жер учаскесiнiң төлемақысын немесе сол жер учаскесiн қайтарып берудi талап етуге құқылы.
  Сатып алушы берiлген жер учаскесiне төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда әрi шартта өзгеше көзделмесе, учаскеге төлемақы жасалуға тиiстi күннен бастап сатып алушы төлемақыны жасаған күнге дейiнгi мерзiмi өткен сомаға тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс. Тұрақсыздық айыбының мөлшерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ресми ставкасы негiзге алына отырып есептеледi.

  5. Жер учаскесiн сатып алу-сату шарты және жер учаскесiнiң сатып алу бағасын төлеу туралы құжат жер учаскесiне сәйкестендiру құжаты беру үшiн негiз болып табылады.
  Жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан кезде, сатып алушыға сатып алу-сату шарты негiзiнде берiлетiн жер учаскесiне сәйкестендiру құжатына, учаскенi кепiлге берудi қоспағанда, мәмiле жасасуға тыйым салынатыны туралы тиiстi жазба жасалады.
  Ескерту. 47-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

  48-бап. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне
  құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда,
  аукциондарда) алу

  1. Жер учаскесi немесе жер учаскесiн жалдау құқығы:
  1) инвестициялық стратегиялық жобаларды iске асыру үшiн;
  2) халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға;
  3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жер пайдаланушыларына;
  4) мемлекеттiк органдар өткiзетiн объектiлердi салу жөнiндегi конкурстарды (тендерлердi) жеңiп алған тұлғаларға және мұндай құрылыс тiкелей аталған тұлғаларға жер учаскесiн берудi талап еткен кезде;
  5) жеке және заңды тұлғаларға оларға меншiк құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшiн, оның iшiнде iргелес аумақтағы үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшiн;
  6) кондоминиум объектiсiн пайдалану және ұстау үшiн кондоминиумға қатысушыларға;
  7) жайылымдық және шабындық алқаптарды халықтың жеке ауласын ұстау, сондай-ақ бақша өсiру жөнiндегi мұқтажын қанағаттандыру мақсатында пайдалану үшiн;
  8) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жасалған келiсiмшарттың негiзiнде жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшiн;
  9) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес жасалған келiсiмшарттың негiзiнде мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде;
  10) арнайы экономикалық аймақтардың, индустриялық аймақтардың жерлерi құрамынан;
  11) темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су, әуе, құбыржолы көлiгiнiң мұқтажы үшiн, байланыс пен энергетика мұқтажы үшiн, сондай-ақ мемлекеттiк маңызы бар өзге де объектiлердi салу үшiн;
  12) халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған ортақ пайдаланудағы объектiлерге (су құбырлары, жылу трассалары, тазарту құрылыстары және басқа да инженерлiк-коммуникациялық желiлер мен жүйелер), сондай-ақ осы Кодекстiң 107-бабы 3-тармағының 10) тармақшасына сәйкес арнайы мақсаттағы объектiлерге;
  13) осы Кодекстiң 121-бабына сәйкес жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарын белгiлеу үшiн;
  14) осы Кодекстiң 9-бабының 3-тармағына сәйкес өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшiн;
  15) мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламаларда көзделген объектiлердi салу, мемлекеттiк мүдделердi және қоғамдық маңызды мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз ететiн инвестициялық жобалар үшiн;
  16) осы Кодекстiң 9-бабының 3-тармағына сәйкес халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар мен отандық өнеркәсiп орындарына;
  17) концессиялық жобаларды iске асыру үшiн концессионерлерге;
  18) инвестициялық және инновациялық жобаларды iске асыру үшiн ұлттық компания мәртебесi бар әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларға берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскелерiн немесе жер учаскелерiн жалдау құқығын беру сауда-саттықтарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
  Уақытша жер пайдалану мерзiмi аяқталып келе жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi уақытша жер пайдаланушы жаңа мерзiмге уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда ғана сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылады.

  2. Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңiмпаздарына - шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, орман өсiрудi, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi он жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шартымен уақытша жер пайдалануға берiледi.

  3. Сатуға арналған жер учаскесi:
  жер учаскесiнiң шекарасы айқындалғаннан;
  жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты және оның кадастрлық (бағалау) құны анықталғаннан;
  құрылыс объектiлерiн инженерлiк-техникалық қамтамасыз ету желiлерiне қосудың техникалық шарттары анықталғаннан;
  сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан;
  сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткiзу туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн сауда-саттыққа шығарылады.

  4. Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатушы ретiнде жергiлiктi атқарушы орган өкiлдiк етедi.
  Сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) ұйымдастырушы ретiнде меншiк иесi немесе онымен жасалған шарт негiзiнде әрекет етушi мамандандырылған ұйым өкiлдiк етедi.

  5. Жер учаскесiнiң меншiк иесi сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткiзу нысанын, сауда-саттық нысанасының бастапқы бағасын және кепiлақы сомасын белгiлейдi.

  6. Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
  Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 3-баптан қараңыз) Заңымен.

  49-бап. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiн төлеу
  мерзiмiн ұзартып сату кезiнде оларға
  құқықтар алу

  1. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сату кезiнде, сатып алушы сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде төлем жасауға тиiс.

  2. Сатып алушы төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесi үшiн сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде кезектi төлем жасамаған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы шартты орындаудан бас тартуға және сатылған жер учаскесiн қайтарып алуды талап етуге құқылы, бұған сатып алушыдан алынған төлем сомасы жер учаскесiнiң сатып алу бағасының жартысынан асып түскен жағдай қосылмайды.

  3. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiне қатысты оның сатып алу бағасы толық төленгенге дейiн мәмiле жасасуға тыйым салынады. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiн кепiлге салуға оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентi төленгеннен кейiн жол берiледi.

  4. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiле жасасуға шектеулер жер учаскесiн сатып алу-сату шартында және жер учаскесiне сәйкестендiру құжатында көрсетiледi. Жер учаскесiн сатып алу бағасын төлеу туралы құжат сатып алу-сату шартындағы және жер учаскесiне сәйкестендiру құжатындағы осы шектеудi алып тастауға негiз болады.

  49-1-бап. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту
  тәртiбi

  1. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертудi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi өздерiнiң осы Кодексте белгiленген жер учаскелерiн беру жөнiндегi құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

  1-1. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертуге оның құқықтық режимi, осы Кодекстiң 1-бабында санамаланған жердiң осы немесе өзге де санатқа тиесiлiгi және жердi аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсат етiлген пайдалану негiзге алына отырып жол берiледi.

  2. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы
бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiне өтiнiш бередi.

  3. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтiнiш келiп түскен кезден бастап күнтiзбелiк отыз күнге дейiнгi мерзiмде қаралады.

  4. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешiм осы Кодекстiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссия қорытындысының негiзiнде қабылданады.

  5. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертуге келiсiм беру не одан бас тарту туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi шешiмiнiң көшiрмесi ол қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде өтiнiш берушiге тапсырылады.
  Жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту дәлелдi болуға тиiс.

  6. Жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты және (немесе) жер учаскесiнiң меншiк иесi, жер пайдаланушы өзгертiлген кезде сәйкестендiру құжаттарын қайта ресiмдеу мерзiмi күнтiзбелiк он бес күннен аспайды.
  Ескерту. 49-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.06. N 279 , 2009.07.10. N 180-IV Заңдарымен.

  50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары

  1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.

  2. Осы Кодекстiң 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерiнiң тiзбесiне енгiзiлгендердi қоспағанда, жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiкке мынадай
мөлшерде тегiн берiледi:

  1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;

  2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;

  3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
  Жер учаскелерiнiң аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
  Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi.

  3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.

  4. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) өкiлдi және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi , олар:
  жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
  уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктерде, азаматтығы жоқ адамдарда және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.

  5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен жергiлiктi жағдайларға және көрсетiлген жердi пайдалану ерекшелiктерiне байланысты меншiкке немесе жер пайдалануға берiлетiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң ең аз мөлшерi белгiленедi.
  Ескерту. 50-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV Заңдарымен.

  51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi

  1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.

  2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi сәйкестендiру құжатында көрсетiледi.

  3. Жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгiмен мәмiлелер жасаған кезде, бұл бөлiк белгiленген тәртiппен алдын ала дербес жер учаскесi болып бөлiнiп шығарылуға тиiс. Қалған жағдайларда мәмiле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне белгiленетiн құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусiз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендiру құжатына енгiзу арқылы айқындалуы мүмкiн.
  Ескерту. 51-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.26 N 311 Заңымен.

  52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге
  (құрылысқа, ғимаратқа) құқық

  1. Үйге (ғимаратқа) меншiк құқығы осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оралымды басқару құқығы көрсетiлген объектiлердiң жер учаскесiне белгiленген тәртiппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi.
  Көрсетiлген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.

  2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодекстe белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
  Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келiсiмi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
  Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.

  3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28