3. Осы баптың 2-тармағында аталған жер учаскелерiн арнайы жер қорының құрамына енгiзу ауданның (қаланың) атқарушы органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.

  4. Арнайы жер қорының құрамына мемлекеттiк жер пайдаланушылардың мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерiн енгiзу аудандық (қалалық) атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
  Аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiне осы Кодекстiң 89-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.

  5. Осы жер учаскелерiн жаңа меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға бергенге дейiн оларды аудандық (қалалық) атқарушы орган белгiлеген тәртiппен және жағдайларда бұрынғы мемлекеттiк жердi пайдаланушылар пайдаланады.

  6. Арнайы жер қорының жерлерiн пайдалану осы Кодекстiң 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
  Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар.

  7. Арнайы жер қорынан жер учаскелерiн беру жерге орналастыру тәртiбiмен, әдетте, тұтас алаппен беру және жердi пайдалануда қолайлы жағдай жасау ескерiле отырып жүргiзiледi.

  8. Арнайы жер қорында жердiң бар екендiгi туралы мәлiметтер баршаға қолжетiмдi болып табылады.
  Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы жер қорының жерi босалқы жер құрамында есептеледi.

  101-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге
  арналған жер учаскелерi

  1. Жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiк құқығымен немесе уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылым) уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске және Қазақстан Республикасының шаруа немесе фермер қожалығы туралы заңдарына сәйкес берiледi.
  Жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзiндегi жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар пайдаланады.
  Қызметiн кемiнде бес жыл жүзеге асыратын және өз қызметiн тоқтататын шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiн сатып алуға басым құқық осы шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiн сатып алған және арнайы ауыл шаруашылығы бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар Қазақстан Республикасының азаматтарына берiледi.

  2. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн шығатын азаматтарға аталған ұйымдардың жерiнен кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс жер учаскелерi берiледi.

  3. Жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не өз қалауы бойынша үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.
  Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепiлде жатқан жерлерiнiң құрамынан жер учаскесiн бөлiп шығаруға кепiл ұстаушының келiсiмiне немесе бөлiп шығару кезiнде жер учаскесiне қатысты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерге сәйкес жол берiледi.
  Шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарғылық капиталға пайдалануға ғана берген жер учаскесi сыйақысыз нақтылы қалпында қайтарылады.
  Қатысушылардың (мүшелердiң) құрамынан шығу туралы және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.
  Шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн ұйымдастыру үшiн үлес немесе пай есебiне нақтылы бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi, сондай-ақ шаруашылық серiктестiктерiне, өндiрiстiк кооперативтерге олардан шыққан
қатысушының (мүшенiң) бөлiп берiлетiн жерге жүргiзiлген шығындарды өтеуi шаруашылық серiктестiктерiнiң, өндiрiстiк кооперативтердiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен немесе тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
  Ауыл шаруашылығының егiс жұмыстары жүргiзiлiп жатқан кезеңде жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығаруға, мұндай бөлiп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келiсiмiмен жүргiзiлетiн жағдайды қоспағанда, жол
берiлмейдi.
  Құрылтай құжаттарында жер учаскесiн бөлiп шығару (бөлiсу) тәртiбi болмаған жағдайда осы баптың 4-тармағының нормалары қолданылады.

  3-1. Осы Кодекстiң 10-бабының 4-1-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығы өзiне уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен тиесiлi, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерiн, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшiн қажеттi жерiмен қоса сатып алуға құқылы.
  Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерiн, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшiн қажеттi жерiмен қоса сатқан немесе сыйға тартқан кезде сатушының бүкiл жер учаскесiне тиiстi құқығын алуға сатып алушының басым құқығы болады.

  4. Үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар болып табылатын және шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн қатысушылар құрамынан шығатын азаматтарға жер учаскелерi осы Кодекстiң 54-бабына сәйкес, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы бекiткен, үлестiк меншiктегi (үлестiк жердi пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбiне сәйкес берiледi.
  Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi болмаған кезде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) мүдделi қатысушы жер үлесi (жер үлестерi) есебiне жер учаскесiн бөлiп шығару ниетi туралы, оның болжамды орнын көрсете отырып, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қалған қатысушыларды жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi жөнiндегi мәселе келiсу рәсiмдерiн жүргiзу арқылы не ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде шешiлуi мүмкiн. Жиналыс хабарланған кезден бастап бiр ай iшiнде өтуге тиiс және ортақ меншiкке (ортақ жердi пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50 %-i қатысқан кезде құқылы болып есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылар немесе олардың өкiлдерi хаттамаға қол қояды.
  Егер тиiсiнше хабарланған күннен бастап бiр ай iшiнде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардан қарсылықтар келiп түспесе, жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы ұсыныс келiсiлген болып саналады.

  5. Азаматтың өтiнiшi және осы өтiнiшке қоса берiлген, бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келiсiлген материалдар оған жер учаскесiне құқықты ресiмдеу үшiн жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi.

  6. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығында сақталады, ол шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.

  7. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледi.
  Ескерту. 101-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  102-бап. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа
  және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi

  1. Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жеке меншiкке жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және босалқы жерден берiледi.

  2. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерiнiң меншiк иесi болып табылатын азаматтар ортақ мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде құқықтық жағдайы белгiленетiн жай серiктестiктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтерiне бiрiгуге құқылы.

  3. Бағбандыққа немесе саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi азаматтардың бөлек меншiгiнде болып, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң ортақ қажеттерiн қанағаттандыруға арналған жер учаскелерi мен басқа да мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгiнде болған жағдайда меншiк иелерi арасындағы ортақ мүлiкке байланысты қатынастарға кондоминиум туралы нормалар қолданылады.

  103-бап. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттiк ауыл
  шаруашылығы ұйымдарының жер учаскесiн бөлiсу

  1. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерiнiң, сондай-ақ зейнеткерлер мен осы ұйымдардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсету салаларында iстейтiн және олардың аумағында тұратын адамдардың шартты жер үлесiне құқығы бар.

  2. Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының өздерi пайдаланатын жерiнiң шекарасы шегiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары шартты жер үлесiне бөлiске жатады, бұған:

  1) елдi мекендер шегiне кiрген;

  2) ауданның арнайы жер қоры құрамына енгiзiлген;

  3) нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзгедей қауiп төндiретiн;

  4) пайдалы қазбаларды қазу кезiнде бүлiнген және мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамды күйге келтiрiлiп жаңғыртылмаған;

  5) шалғайдағы мал шаруашылығының уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерi қосылмайды.

  3. Шартты жер үлесiнiң мөлшерi:

  1) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемiн шартты жер үлесiне құқығы бар адамдардың санына бөлу арқылы - гектармен;

  2) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының балл-гектар сомасын шартты жер үлесiне құқығы бар адамдар санына бөлу арқылы - балл-гектармен (көлемге көбейтiлген топырақ бонитетiнiң балы) есептеп шығарылады.

  4. Шартты жер үлесi мөлшерiн анықтау нәтижелерi және шартты жер үлесiне құқығы бар азаматтардың тiзiмi жекешелендiрiлетiн шаруашылықтың еңбек ұжымының жалпы жиналысының шешiмiмен бекiтiлiп, хаттамамен ресiмделiп, аудандық (қалалық) атқарушы органда бекiтiлуге тиiс.

  5. Азаматтардың шартты жер үлесiне құқығы шартты жер үлестерiн иеленушiлердiң тiзiмi мен шартты жер үлестерiнiң мөлшерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бекiткеннен кейiн үш ай iшiнде жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органы беретiн шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiкпен куәландырылады.

  6. Шартты жер үлестерiн иеленушiлер шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiктi алған кезден бастап бiр жыл iшiнде шартты жер үлестерi есебiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн меншiкке немесе жердi пайдалануға алуға мiндеттi.
  Аталған адамдардың жер учаскелерiн бөлек немесе ортақ меншiкке (жер пайдалануға) ресiмдеуге құқығы бар.

  7. Шартты жер үлесiнiң иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда, оның жер үлесiне құқықтары тоқтатылған болып саналады.
  Ескерту. 103-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  104-бап. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдары

  1. Селодағы тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу орындарына айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан жер учаскелерi берiледi.

  2. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бередi.
  Бiрнеше ауданның аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.

  3. Ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын адамдар қажеттi мөлшерде құдықтар мен малды суаруға және малды дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды белгiленген тәртiппен ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлген мерзiмдерде кедергiсiз өткiзуге мiндеттi.

  4. Жер пайдалану құқығымен жер учаскелерiн бермей, уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдайтын жолдарды бөлу сервитут ережелерi бойынша жүргiзiледi (осы Кодекстiң 70-бабы).
    Ескерту. 104-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.24 N 190-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

  105-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасының
  орнын толтыру

  1. Ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемi мен олардың сапасын қалпына келтiру арқылы ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң деңгейiн сақтау мақсатында бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.
  Бұл шығасы осы Кодекстiң 166-бабында көрсетiлген шығынның орнын толтырудан тыс өтеледi.

  2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерiн және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жердi қоспағанда, ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес қажеттер үшiн жердiң барлық санаттарының құрамынан ауыл шаруашылығы алқаптары берiлетiн тұлғалар, сондай-ақ күзет, санитарлық және қорғау аймақтары белгiленетiн тұлғалар ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтейдi.
  Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы немесе меншiгiндегi ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезде де ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы өтелуге тиiс.
  Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылданған немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезден бастап алты ай мерзiмде өтелуге тиiс.

  3. Жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерi: P080636

  1) елдi мекендер шекарасында жеке тұрғын үй салу, мектептер, мектепке дейiнгi ұйымдарды, орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi ұйымдарды, емдеу орындарын және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер салу;

  2) мелиорациялық жүйелер салу;

  3) тоғандағы және көлдегi балық шаруашылықтарын, балық питомниктерiн, уылдырықты балық шаруашылықтары мен балық өсiретiн зауыттар салу;

  4) қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн, iргелес жатқан жер алқаптарының жағдайын нашарлатпайтын объектiлер салу;

  5) тозған алқаптарға, химиялық және радиоактивтi заттармен ластанған жерге орман мелиорациясы үшiн берiлгенде олар шығасыны өтеуден босатылады.
  Жер учаскелерiн мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктерге, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктерге, мемлекеттiк зоологиялық парктерге, мемлекеттiк ботаникалық бақтарға, мемлекеттiк дендрологиялық парктерге және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiне тарихи-мәдени мақсаттағы объектiлер үшiн беру кезiнде де, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда шыққан шығасы өтелмейдi.
  Ескерту. 105-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07 N 176 , 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

  106-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны
  өтеу тәртiбi

  1. Ауыл және орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қойған кезде, шығасының мөлшерi жергiлiктi атқарушы органның жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы шешiм қабылдауы үшiн негiз болып табылатын жерге орналастыру жобасының (жерге орналастыру iсiнiң) құрамында белгiленедi.

  2. Өтелуге тиiстi шығасының мөлшерi жаңа жердi игерудi немесе алқаптарды ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру деңгейiне дейiн жақсартуды қамтамасыз ететiн нормативтердi негiзге ала отырып, алып қойылатын алқаптардан алынатын өнiмнен немесе олардың сапасы төмендегенге дейiн бұрын алынған өнiмнен кем түспейтiн көлемiнде анықталады.

  3. Ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

  4. Ауыл шаруашылығына арналмаған және ормансыз алқаптардағы бүлiнген жердi жаңғырту шартымен ауыл шаруашылығы алқаптарын уақытша пайдалануға алып қойған кезде шығасы толық көлемiнде өтеледi.
  Жер учаскесi берiлген заңды немесе жеке тұлғаның қаражаты есебiнен өнiмдiлiгi аз немесе өнiм бермейтiн алқаптарға құнарлы топырақ қабаты салынған жағдайда алқаптарды қалпына келтiруге жұмсалатын сома есепке алынып, шығасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

  5. Шығасының мөлшерi жер учаскесiнiң берiлуiне мүдделi тұлғамен келiсiледi және жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен бекiтiлетiн жер учаскесiне құқық беру туралы актiмен ресiмделедi.

  6. Жер сапасының нашарлауынан туындаған шығасының мөлшерi алқаптарды бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға байланыссыз жағдайларда олардың сапасының төмендеуiне сәйкес нормативтердiң (жердi кадастрлық бағалау бойынша) процентiмен анықталады.
  Алқаптар сапасының төмендеуiне байланысты оларды бiр түрден басқа түрге ауыстырған жағдайда шығасы мөлшерi алқаптардың тиiстi түрлерiне арналған нормативтердiң айырмасы бойынша анықталады.

  7. Ұйымдар мен азаматтардың қызметi әсерiнiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан келген шығасыны өтеу жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкiлеттi органының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
  Ескерту. 106-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

11-тарау. Елдi мекендер жерi

  107-бап. Елдi мекендер жерi ұғымы мен оның құрамы

  1. Қалаларды, кенттердi, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшiн берiлген жер учаскелерi елдi мекендер жерiнiң санатына жатады.

  2. Елдi мекендердiң жерi өзге әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың жерiнен қаланың шегi, кенттiң шегi, ауылдық (селолық) елдi мекеннiң шегi арқылы шектеледi.

  3. Елдi мекендер жерiнiң құрамына:

  1) құрылыстар алып жатқан әрi көп пәтерлi және көп қабатты тұрғын үйлер, үй iргесiндегi жер учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналған тұрғын жай салатын жер;

  2) денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммерциялық қызмет объектiлерi, сондай-ақ мектепке дейiнгi ұйымдар, орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi ұйымдар және жоғары бiлiм беру мекемелерi, әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу мекемелерi, ғибадат үйлерi мен өзге де iскерлiк үйлерi, құрылыстар мен ғимараттар салынған және соларды орналастыруға арналған қоғамдық iскерлiк құрылыс салатын жер;

  3) өнеркәсiп, коммуналдық және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қойма объектiлерi, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерi салынған және соларды орналастыруға арналған, сондай-ақ осы объектiлердiң санитарлық-қорғау аймақтарын белгiлеуге арналған өндiрiстiк құрылыс салатын жер;

  4) темiр жол, автомобиль, өзен, теңiз, әуе және құбыр тасымалы жолдары, инженерлiк инфрақұрылым мен байланыс магистральдары өтетiн және соларды салуға арналған көлiк, байланыс, инженерлiк коммуникациялар жерi;

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28