Егер жер учаскесiн пайдалану осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген жердi ұтымды пайдалану ережелерiн өрескел бұза отырып жүзеге асырылса, атап айтқанда, егер жер учаскесi нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылығы жерi құнарлылығының едәуiр төмендеуiне не экологиялық жағдайдың едәуiр нашарлауына әкеп соғатын болса, ондай жер учаскесi Қазақстан
Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейiн, осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
  Төтенше және ырық бермейтiн ахуал кезiнде (еңсерiлмейтiн күш әрекетi) туындаған жағдайларды қоспағанда, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мемлекетке келтiрiлген залалды Қазақстан
Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi.
  Ескерту. 93-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

  94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан
  Республикасының заңдарын бұза отырып
  пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып
  қою тәртiбi

  1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

  2. Осы Кодекстiң 92-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын жер учаскесiн нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы осындай учаскенi нысаналы мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.

  3. Осы Кодекстiң 93-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан, талап-арыз беруден кемiнде үш ай бұрын жер учаскесiнiң меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жою қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
  Егер меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы учаскенi нысаналы мақсатқа сай пайдаланбауында болса, мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бергенге дейiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органы жер учаскесiнiң меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өтiнiшi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе бойынша осындай учаске орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiне ұсыныстар жiберуге мiндеттi. Бұл жағдайда осындай учаскенiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана талап-арыз берiлуi мүмкiн.

  4. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында аталған негiздер бойынша сот шешiмiмен жер учаскесiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы (жер учаскесiнiң мемлекеттен сатып алынған жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңдарында белгiленген тәртiппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады.
  Сатудан түскен сома, жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiле отырып, жер учаскесiнiң бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) жүргiзiлгеннен кейiн ондай жер учаскесiн немесе оларға жер пайдалану құқығын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына қосылады.
  Ескерту. 94-бапқа өзгерiсу енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

  95-бап. Тәркiлеу

  Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртiбiмен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
  Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
  Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрi пайдаланылуы мүмкiн.
  Ескерту. 95-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.06.22 N 147 Заңымен.

   96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған
   жағдайда жер учаскесiн бағалау

  Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны мемлекетке төленген сома шегiнде белгiленедi.
  Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жеке тұрғын үй орналасқан жерде жеке тұрғын үй салуы үшiн, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн (егiстiк телiмдерiн қоспағанда) берiлген жер учаскесiнiң құны жер учаскесiнiң нарықтық құнынан аспайтын құны мөлшерiнде белгiленедi.
  Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға азаматтық-құқықтық мәмiле бойынша немесе сот шешiмi бойынша ауысқан жер учаскесiнiң құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешiмiнде көрсетiлген құн мөлшерiнде, бiрақ нарықтық құннан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешiмiнде жер учаскесiнiң бағасы көрсетiлмеген жағдайда, жер учаскесiнiң құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша бағаланады.
   Ескерту. 96-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

3-бөлiм. Жер санаттары

10-тарау. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер

  97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы
  және оның құрамы

  1. Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.

  2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.

  3. Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлердi ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол берiледi (осы Кодекстiң 90-бабы).
  Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлген жер учаскелерiнде және жеке қосалқы шаруашылықтың егiстiк телiмдерiнде ауыл шаруашылығын жүргiзуге қатысы жоқ объектiлер, оның iшiнде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлердi қоса алғанда) салуға жол берiлмейдi. Бұл ретте мал шаруашылығы кешендерiн салуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстарға және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарға суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерi, егiстiк, тыңайған жерлер, көп жылдық екпелер егiлген жерлер жататын бағалы ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланыла алмайды.

  3-1. Жеке меншiктегi немесе жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн алаңдары осы Кодекстiң 50-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленген ең аз мөлшерден төмен учаскелерге бөлуге жол берiлмейдi.

  4. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
  Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
  Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
  Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
  Табиғи шабындықтар мен жайылымдар - шөп шабуға және жануарларды жаюға жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
  Түбегейлi жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар - шөп егу арқылы жаңадан отайған шабындық және жайылым учаскелерi.
  Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.

  5. Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкiн.
  Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығында пайдалануға және суаруға жарамды, су ресурстары жүйесiнiң қазiргi пайдалы жұмыс коэффициентiнде суару нормаларының жобалау немесе қолданыстағы нормативтерi бойынша осы жердi сумен қамтудың қолайлы мерзiмi iшiнде қамсыздандырудың кемiнде 75 процентiнен кем емес су ағынымен қамтамасыз ететiн суару көзiмен байланысты тұрақты және уақытша суару жүйесi бар жер жатады.
  Жайылма суару жерi қар суын және көктемгi тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшiн суару және суландыру каналдарынан берiлетiн суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлудi қамтамасыз ететiн су бөгейтiн белдеулерi, суды реттейтiн бөгеттерi мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.

  6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:

  1) Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылықты, бағбандықты және саяжай құрылысын дамыту үшiн жеке меншiкке;

  2) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсатында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi.
  Пайдалануға беру мерзiмi кемiнде он жылды құрайтын шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн беру жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiн көрсетiлген мақсаттар үшiн жер пайдалану құқығымен беру мерзiмi кемiнде бес жылды құрайды. Жер учаскесiн осы тармақшада көрсетiлген мерзiмдерден аз мерзiмге беруге оны алуға мүдделi өтiнiш берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi;

  3) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға берiледi.

  7. Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттiк бақылау мақсатында бюджет қаражаты есебiнен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерiнiң негiзiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты жасалады.
  Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
  Жер учаскесiнiң паспортын жасау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды және оны берудi жер учаскесi орналасқан жердегi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкiлеттi органдары жүзеге асырады.
  Ескерту. 97-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 279 , 2009.07.10 N 180-IV , 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  98-бап. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден
  екiншiсiне ауыстыру тәртiбi

  1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.

  2. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органға берген өтiнiмi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның бастамасы ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге негiз бола алады.

  3. Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру - бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша - олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

  4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
  Топырақ-мелиорациялық жай-күйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын, тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады.

  5. Неғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыруға:
  егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi;
  көп жылдық екпелер үшiн - екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы;
  шабындықтар үшiн - жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы;
  жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi негiз болып табылады.
  Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа, суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшiндегi суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi.
  Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi белгiлейдi.

  6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдарда:
  қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба;
  бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы;
  трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы;
  жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы;
  суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негiзгi қорлардың құны туралы мәлiметтер болуға тиiс.

  7. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдар ауданның уәкiлеттi органына аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық органдарымен келiсу үшiн жiберiледi.

  8. Ауданның уәкiлеттi органы осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескерiп жасаған қорытындысымен бiрге:
  неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
  суармалы жердi - суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарымен келiсу үшiн облыстың уәкiлеттi органына жiбередi.

  9. Келiсу нәтижелерi бойынша облыстың уәкiлеттi органы материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша тұжырымдайды және өз қорытындысымен бiрге оларды:
  суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
  суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн орталық уәкiлеттi органға жiбередi.

  10. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган суармалар егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөнiндегi ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы органға жiбередi.

  11. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi, осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы орган қабылдайды.
  Ескерту. 98-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  99-бап. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы
  жердi пайдалану

  1. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге арнайы әзiрленген суландыру, тоспа-кәрiз жүйесiмен және ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң (ротациялаудың) ғылыми негiзделген схемасы белгiленген құрылғылармен жабдықталған, инженерлiк тұрғыда жоспарланған жер жатады.

  2. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы бекiтедi. Дақылдарды кезектестiрудiң (ротациялаудың) бiрыңғай схемасымен және суармалы тоспа-кәрiз жүйесiмен байланыстырылған жер учаскелерi бөлiнбейтiн болып танылады. Осы ереже инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердiң құрамынан осы Кодекс күшiне енгенге дейiн таратылып берiлген жер учаскелерiне де қолданылады.

  3. Бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi. Қатысушылар құрамынан шыққан ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ үлестiк меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетiп алуға не осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес оны басқа тұлғаға сатуға құқылы.

  4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспа-кәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi.

  5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюға негiз болуы мүмкiн.
  Ескерту. 99-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

  100-бап. Арнайы жер қоры

  1. Жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейдi.

  2. Арнайы жер қоры:

  1) жер учаскесiнен ерiктi түрде бас тартқан кезде;

  2) осы Кодекстiң 92, 93 және 95-баптарына сәйкес жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қойған кезде;

  3) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлерi жоқ, не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлердi мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кiмнiң пайдасына бас тартатынын атамай, мұрадан бас тартқан жағдайда, осы қорға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден түсетiн жер учаскелерi есебiнен құралады.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28